ІІМ: Екі өңірде ірі көлемдегі есірткі тәркіленді

ІІМ: Екі өңірде ірі көлемдегі есірткі тәркіленді

     Ішкі істер министрлігі “Заң мен тәртіп” принципі аясында жұмысты жалғастырып жатыр.

     Сәуір айының екінші онкүндігінде жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде есірткінің ірі партияларын тәркілеудің екі фактісі тіркелді.

     Мысалы, Абай облысында жедел ақпаратты тексеру барысында қызметкерлер 21 жастағы жүргізушіні ұстады. Оның көлігін тексеру кезінде таратуға дайын 2 келіден астам гашиш майы анықталып, тәркіленді.

     Ұсталған азамат интернет дүкенінің кураторының нұсқауы бойынша есірткіні таратқанын мойындады.

     Елорда өңірінде интернет-платформалар арқылы жұмыс істеген 26 жастағы әйел ұсталды. Ол аса ірі көлемдегі есірткіні жасырын таратумен айналысқан.

     Жеке тінту және жалға алынған тұрғын үйді тексеру барысында салмағы 1 келіден асатын екі пакет синтетикалық “A-PVР” есірткісі, электронды таразылар, орауға және таратуға арналған 100-ден астам Ziplock-пакет тәркіленді.

     Жалпы алғанда, заңсыз айналымнан 45 мыңнан астам бір реттік дозаға тең есірткі тәркіленді.

     Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Есірткі жеткізу арналары, олардың таралу маршруттары, сондай-ақ заңсыз қызметке байланысты қаржы ағындарының көздері анықталуда.

     Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

     Әрбір тоқтатылған есірткі тарату арнасы — бұл дер кезінде жойылған қауіп.

     Ішкі істер министрлігі есірткі желілерінің қызметін олардың жасырыну тәсіліне қарамастан қатаң әрі жүйелі түрде тоқтатуды жалғастырады.

     Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.