
Өскемен қаласында ішкі істер органдары қызметкерлері арасында шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогына арналған республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ауқымды спорттық дода "ARLAN" спорт клубының қолдауымен ұйымдастырылуда.
Өскемен мұзы осымен үшінші жыл қатарынан еліміздің әр өңірінен келген тәртіп сақшыларын біріктіріп, тартысты хоккей бәсекесінің орталығына айналып отыр. Биыл да Шығыс Қазақстан облысы қатысушылар мен жанкүйерлерге ерекше қонақжайлылық танытты.
Турнирдің басты жүлдесі үшін алты команда бақ сынауда. Олардың қатарында Астана қаласы, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының құрамалары, ҚР ІІМ Күзет қызметін бақылау комитетінің командасы, сондай-ақ жарыс иелері — ШҚО Полиция департаментінің командасы бар.
Ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұз айдынында жас мәнерлеп сырғанаушылардың көрсетілімдері мен патриоттық бағыттағы өнер нөмірлері көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар №35 орта мектептің "Жас сақшы" сыныбының оқушылары да шараның көркін қыздырып, ұрпақтар сабақтастығын айқын көрсетті.
ШҚО полиция департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Болат Нұрсейітов құттықтау сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды:
— Хоккей — батылдықты, тәртіпті және шапшаң шешім қабылдай білуді талап ететін ойын. Бұл қасиеттер полиция қызметінің де негізі. Турнирге қатысу — өз бөлімшесі мен өңір намысын қорғау деген сөз, — деді ол.
Жанкүйерлердің қолдауы, ойыншылардың жоғары рухы және ұйымдастыру жұмыстарының сапасы турнирдің ашылуын ерекше әсерлі оқиғаға айналдырды.
Алдағы күндері қатысушыларды үш күндік тартысты ойындар, қызықты матчтар және жеңіс жолындағы шиеленісті бәсекелер күтуде. Министр кубогы үшін күрес нағыз мықтылардың сыналатын алаңына айналмақ.