Абай облысында жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен 31 қылмыс ашылды

Абай облысында жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен 31 қылмыс ашылды

     Қазіргі таңда құқық қорғау органдары қызметінде заманауи әдістер мен тиімді құралдарды қолдану қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ажырамас бөлігіне айналды. Осы тұрғыда қызметтік иттердің рөлі ерекше. Олар полиция жұмысының нәтижелілігін арттырып, түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуға және ашылуына елеулі үлес қосып келеді.

     Бүгінде Абай облысы полиция департаментінде 25 қызметтік ит бар. Арнайы дайындықтан өткен бұл иттер есірткі және жарылғыш заттарды анықтау, із кесу, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау бағыттарында тиімді қызмет атқарады.

     Жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен өңірде түрлі санаттағы 31 қылмыс ашылған. Бұл көрсеткіш олардың құқық қорғау саласындағы маңызын және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесін айқын көрсетеді.

     Абай облысы полиция департаменті Кинологиялық қызмет орталығының бастығы, полиция подполковнигі Дулан Тугомбаевтың айтуынша, қызметтік иттер қылмыстарды ашумен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау, терроризмге қарсы іс-қимыл жүргізу және қауіпсіздікті нығайту бағыттарында да маңызды рөл атқарады.

– Қызметтік иттер полиция қызметкерлерінің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Кинологтармен бірлесе отырып, олар түрлі қауіп-қатердің алдын алу шараларына белсенді қатысады. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі, – деді ол.

     Қызметтік иттер мен кинологтардың жоғары деңгейдегі даярлығы, сондай-ақ олардың қылмыспен күрестегі нәтижелі жұмысы құқық қорғау жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыра түсуде.