ІІМ Алматы академиясының курсанты самбодан Әлем кубогінің күміс жүлдегері атанды

ІІМ Алматы академиясының курсанты самбодан Әлем кубогінің күміс жүлдегері атанды

     ІІМ Алматы академиясының 2-курс курсанты, самбодан Қазақстан чемпионы, спорт шебері Аружан Әсемқамалқызы халықаралық жарыста ел намысын абыроймен қорғап, ведомстволық білім беру ұйымының жоғары даярлық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

     9-10 сәуір күндері Армения Республикасының Ереван қаласында спорттық және жауынгерлік самбодан Әлем кубогі өтті. Аталған бәсекеде Аружан жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жарыс қорытындысы бойынша күміс жүлдеге ие болды.

     Финалдық белдесуде курсант Ресей Федерациясының бірнеше дүркін әлем және Еуропа чемпионы атанған тәжірибелі спортшысымен кездесті. Тартысты әрі бәсекелі өткен белдесуде Аружан жоғары дайындық деңгейін, төзімділігін және қайсар мінезін көрсетіп, болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы әрі құқық қорғау органдарының болашақ офицері екенін дәлелдеді.

– Бұл жетістік – Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары үшін кадрлық әлеуетті қалыптастыру тұрғысынан ерекше маңызға ие. Мұндай нәтижелер курсанттарды даярлау жүйесінің тиімділігін айқын көрсетеді. Мұнда кәсіби біліммен қатар дене даярлығы, тәртіп, стресс жағдайында жұмыс істеу қабілеті және қызметтік-жауынгерлік дағдыларды дамытуға ерекше мән беріледі, – деді ІІМ Алматы академиясының бастығы Қалижан Қобландин.

     Алматы академиясы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға және қазіргі заман талаптарына сай қызметтік міндеттерді тиімді орындауға бағытталған болашақ мамандарды даярлау моделін жүйелі түрде жүзеге асыруда.

     Елге оралған спортшыны академия басшылығы мен ұжымы әуежайда салтанатты түрде қарсы алды.

– Аружанның жетістігі – тек жеке жеңіс қана емес, бүкіл ведомствоның абыройы. Оның халықаралық аренадағы өнері Қазақстанның беделін арттырып, ІІМ курсанттарының жоғары деңгейде даярланғанын дәлелдейді. Біз курсанттарымызды мақтан тұтамыз және олардың жетістіктері еліміздің атын бұдан әрі де асқақтата беретініне сенеміз, – деп толықтырды Қалижан Қобландин.