
Атырау облыстық Киокушинкай каратэ-до ұлттық федерациясының ұйымдастыруымен қала аумағында 10–18 жас аралығындағы жас каратэшілер арасында "Есірткіге жол жоқ" ұранымен жүгіру марафоны өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың есірткіге қарсы тұрақты ұстанымын қалыптастыру, оларды спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ тәртіп, жауапкершілік және заңға бағыну қағидаттарын нығайту.
Марафон барысында қатысушылар белгіленген қашықтықты жүгіріп өтіп, төзімділігі мен ерік-жігерін көрсетті. Сонымен қатар алаңда жас каратэшілердің қатысуымен көрсетілімдер ұйымдастырылып, спортшылар өздерінің жоғары дайындық деңгейі мен шеберлігін паш етті.
Іс-шара аясында облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы кеңесінің мүшелері жастармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар есірткінің зияны мен оның құқықтық салдары туралы айтып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын кеңінен түсіндірді.
Айта кету керек, марафонға Атырау қаласындағы түрлі каратэ федерацияларынан шамамен 300 спортшы қатысты. Мұндай ауқымды іс-шаралар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға және құқықбұзушылықтың алдын алуға оң ықпал етеді.