
2025 жылы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері мемлекетаралық іздеуде жүрген 263 қылмыскерді анықтап, ұстады. Олардың 97-сі алыс та, жақын шетелдердің азаматтары. Бұл туралы Көліктегі ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Ерлан Әлімов хабарлады.
Сондай-ақ ол осы жылдың басынан бері 28 қылмыскер ұсталғанын айтты. Олардың 11-і уақытша ұстау изоляторына қамалса, 17-сі іздестіру бастамашыларына берілген. Мемлекетаралық іздеуде жүргендердің басым бөлігі ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар. Қазіргі уақытта барлық ұсталғанға қатысты қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп, оларды заңнамада көзделген тәртіпте іздестіруді бастаған органдарға беру мәселесі қарастырылуда.
– Мәселен, осы жылдың наурыз айында Алматы қаласының әуежайында көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері Баку қаласынан ұшып келген рейстен кісі өлтіргені үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген шетелдікті анықтап, ұстады. Күдікті өзін қарапайым жолаушы ретінде жасыруға тырысқанымен, бақылау аймағынан шығып үлгермеді, яғни оның әрекеттерінің жедел жолы кесілді. Құқық қорғау органдарының нақты әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында ол дереу қамауға алынды. Оған іздестіру жариялаған құзыретті органға тиісті хабар берілді, — деді Е. Әлімов.
Көлік полициясы қылмыскерлерді жасырынған уақыты мен орнына қарамастан анықтауды және ұстауды қамтамасыз ете отырып, жазаның бұлтартпастығы принципін дәйекті түрде жүзеге асыруда.
— Заңнан жалтаруға бағытталған кез келген әрекетке тосқауыл қойылып, кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, — деп түйіндеді сөзін Е.Әлімов.