Абай облысында 3 жасар баланы соңғы сәтте полицей құтқарды

Абай облысында 3 жасар баланы соңғы сәтте полицей құтқарды

     Абай облысында жоғалған 3 жастағы баланың дер кезінде табылуы — қайғылы жағдайдың алдын алған шынайы ғажайыпқа айналды.

     Оқиға 8 сәуір күні Ақсуат ауданында болған. Кішкентай бала байқатпай үй ауласынан шығып кетіп, белгісіз бағытта жоғалып кеткен. Таңертең ерте туыстары іздеу жұмыстарын бастап, шамамен сағат 11:00-де полицияға хабар берген.

     Хабар түскен сәттен бастап өңірдің полиция қызметкерлері дереу жұмылдырылып, іздестіру жұмыстары басталды. Әрбір минуттың маңызды екенін түсінген тәртіп сақшылары елдімекен маңын, ашық даланы, барлық ықтимал бағыттарды мұқият тексерді.

     Бірнеше сағатқа созылған іздеудің нәтижесінде атпен жүрген полиция қызметкері елдімекеннен алыс айдалада жалғыз жүрген кішкентай баланы байқап қалады.

     Толқығанын жасыра алмаған полицей балаға: - "Айналайын, келе ғой…" - деп тіл қатады.

     Сағат 14:00 шамасында бала елдімекеннен шамамен 3 шақырым жерден табылды. Абырой болғанда, оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбеген. Бала тек адасып кеткені анықталды.

     Бұл оқиға — жедел әрекет пен үйлесімді жұмыстың, сондай-ақ әрбір минуттың маңызын айқын көрсетеді.