
Шығыс Қазақстан облысында азаматтардың ішкі істер органдарымен байланысы барынша жедел әрі ашық сипатқа ие болуда.
“Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы аясында полиция қызметіне тұрғындардың оқиғалар туралы үйреншікті мобильді сервистер арқылы хабарлауына мүмкіндік беретін жүйе енгізілді. Енді өтініштерді тек “Police-102” профильдік қосымшасы арқылы ғана емес, сонымен қатар eGov Mobile, Kaspi.kz және Halyk Bank танымал банктік қосымшалары арқылы да жолдауға болады.
Статистика көрсеткендей, аймақ тұрғындары цифрлық байланыс жолын жиі таңдай бастаған. Мәселен, 2026 жылдың алғашқы үш айында ғана онлайн-сервистер арқылы 379 өтініш түсті. Өткен жылмен салыстырғанда бұл арналарды пайдалану қарқыны айтарлықтай артқан. Биылғы жылдың алғашқы айларының көрсеткіштері өңірде цифрландыру үрдісінің күшейгенін және азаматтарға кез келген оқиға туралы сол сәтте хабарлау әлдеқайда ыңғайлы болғанын нақты дәлелдейді.
Тұрғындар арасында ең танымал құрал eGov Mobile болды, ол арқылы 205 өтініш берілген. Сондай-ақ, 112 өтініш Kaspi.kz арқылы, ал 59-ы “Police - 102” арқылы келіп түсті.
Келіп түскен ақпараттарды талдау ШҚО тұрғындарының жоғары азаматтық жауапкершілігін көрсетеді. Барлық хабарламалардың жартысынан астамы, яғни 211-і жол жүрісі қағидаларын бұзу деректеріне қатысты. Осындай қырағылықтың арқасында полиция жолдардағы қауіпті жағдайлардың алдын алуда.
Сонымен қатар цифрлық арналар тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері мен кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Аталған деректер бойынша заңды процестік шешімдер қабылданды.
Заманауи технологияларды қолдану полицияның алдын алу шараларын күшейтіп, ауыр салдарлардың бетін қайтаруға септігін тигізеді.
Полиция азаматтарды қолжетімді цифрлық сервистерді бұдан былай да белсенді пайдалануға шақырады.