Елордалық полиция департаментінің қызметкері “Полиция барысы” атанды

Елордалық полиция департаментінің қызметкері “Полиция барысы” атанды

     Астана қаласы полиция департаментінің қызметкері Жамбыл облысында жарқын әрі тартысты өткен “Полиция барысы” республикалық турнирінде елорданың намысын абыроймен қорғады.

     Турнир қорытындысы бойынша қазақ күресінен сынға түскен жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Тәңірберген Тергеубеков бірінші орын алып, “Полиция барысы” құрметті атағын иеленді. Оған салтанатты түрде көшбасшылық пен жоғары спорттық жетістіктердің белгісі саналатын алтын белбеу табысталды.

     Қызметкер жоғары дайындық деңгейін, қайсар рухын және жеңіске деген ұмтылысын көрсете отырып, ішкі істер органдары жүйесіндегі ең мықтылардың бірі екенін дәлелдеді. Екі күнге созылған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге жуық қатысушы жиналып, тәжірибе алмасуға және кәсіби шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік алды.

     Үздік қатысушылар сәуір айында Алматы қаласында өтетін “Әскер барысы” республикалық турнирінде өз бөлімшелерінің намысын қорғау құқығына ие болды.

     Астана қаласы полиция департаменті қызметтік-қолданбалы спорт түрлерін дамытуға, қызметкерлердің дене дайындығын нығайтуға және командалық рухты қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуді жалғастыруда.