
Алматыда жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылаудың жаңа форматы – фильтрациялық бекеттер енгізілді.
Түнгі уақытта қаланың негізгі магистральдарында "бөтелке мойны" тәсілімен жолдың жүру бөлігін уақытша тарылту ұйымдастырылады. Бұл тәсіл көлік ағынын баяулатып, жүргізушілерді іріктеп тексеруге, оның ішінде мас күйінде көлік басқару деректерін анықтауға мүмкіндік береді.
Осындай бекеттердің бірі өткен демалыс күндері Шығыс айналма автомобиль жолында жұмыс істеді. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында уақытша жол белгілері орнатылды: жылдамдықты 40-60 км/сағ дейін шектеу, кедергіні айналып өту бағытын көрсету және жолдың тарылуы туралы ескерту.
Аталған тәжірибе өзінің тиімділігін көрсетті. "Стоп – бұзушылықтар" ЖПІШ өткізілген 5 күн ішінде Алматы қаласының жолдарында 9 820 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Атап айтқанда, 43 жүргізуші мас күйінде ұсталды, 78 жүргізушінің көлік басқаруға құқығы жоқ екені анықталды, бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған 12 адам құрықталды, жалған мемлекеттік нөмірлік белгілерді пайдаланудың 14 дерегі әшкереленді, қарсы бағытқа шығудың 36 фактісі тіркелді және өзге де құқық бұзушылықтардың жолы кесілді. Сонымен қатар 3 666 көлік құралы мамандандырылған айыппұл тұрақтарына қойылды.
ПД мәліметінше, фильтрациялық бекеттер жол қозғалысы қатысушыларының тәртібін арттыруда және өрескел құқық бұзушылықтардың алдын алуда тиімді құрал ретінде өзін көрсетті.
– Фильтрациялық бекеттер – жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған заманауи әрі тиімді әдістердің бірі. Жолды жасанды түрде тарылту көлік ағынының жылдамдығын төмендетіп, апаттық жағдай туындатпай жүргізушілерді бақылауға мүмкіндік береді. Әсіресе мас күйінде көлік басқару деректерін анықтауға баса назар аударылады. Бұл – ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі. Нақты нәтижелер бар: бірнеше күннің ішінде ондаған мас жүргізуші ұсталды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, – деді Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинур Тасыбаев.