СҚО-да Ғазиз Байтасовтың туған күнінде бесінші "Жас сақшы" сыныбы ашылды

СҚО-да Ғазиз Байтасовтың туған күнінде бесінші "Жас сақшы" сыныбы ашылды

     Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Новоишим орта мектебінде 3 сәуір күні, Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың туған күнінде "Жас сақшы" сыныбы ашылды. 26 оқушы арнайы форманы киіп, құқық қорғау органдарындағы болашақ қызметке бағытталған оқуын бастады.

     Салтанатты шараға ата-аналар, ардагерлер, педагогтар және полиция қызметкерлері қатысты. СҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Абылғазы Ғабдуллин енді оқушылардың тәртіпті, жауапты болып, қосымша пәндерді меңгеруде белсенділік танытатынын атап өтті.

     Офицерлердің жетекшілігімен олар саптық дайындықты, атыс қаруын бөлшектеу және жинауды, құқықтық қызмет негіздерін, криминалистиканы, дене дайындығы мен өзін-өзі қорғауды меңгереді, сонымен қатар жалпы білім беру бағдарламасын да қатар игереді.

     Сыныптың ашылуында қызметтегі полицейлердің ата-аналарына ерекше назар аударылды.

     Оқушылардың қошеметімен Сергей мен Юлия Афанасенко, Тимофей мен Галина Григорьевтер, Анар Көбжасарова, Райхан Күшекова, Олег пен Наталья Морозовтар алғысхаттармен марапатталды. Сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің ардагерлері, педагогтары мен қызметкерлері атап өтілді. Айтулы іс-шара облыстық полиция департаментінің мәдениет орталығының вокалдық тобының концерттік бағдарламасымен сүйемелденді.

     Новоишим ауылындағы "Жас сақшы" сыныбы СҚО бойынша бесінші болып отыр: мұндай үш сынып Петропавлда, біреуі Сергеевка қаласында жұмыс істейді.

     Ғазиз Байтасов 2011 жылы Тараз қаласында террористі ұстау кезінде ерлік көрсетіп, қылмыскерді залалсыздандырған сәтте граната жарылысынан қаза тапты. 2011 жылғы 5 желтоқсанда оған қайтыс болғаннан кейін "Қазақстанның Халық Қаһарманы" атағы берілді.