
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінде әскери қызметшілердің оқу мәдениетін дамытуға бағытталған "BOOKGUARD" әдеби челленджі бастау алды. Бұл бастама құқықтық тәртіп әскерлерінің өзге де бөлімдеріне жолданып, игі үрдіс ретінде жалғасын табуда.
Жоба аясында әскери қызметшілерге мерзімді қызмет кезеңінде жеке қызығушылықтары мен моральдық-психологиялық жағдайын ескере отырып, кемінде үш кітап оқу ұсынылады.
Сонымен қатар Ұлттық ұланның ақпараттық порталында аудиокітаптар бөлімі іске қосылып, әдебиеттерге қолжетімділік заманауи әрі ыңғайлы форматта қамтамасыз етілді. Бұл өз кезегінде бөлімшелердегі кітап оқуға деген қызығушылықтың артуына оң әсерін тигізуде.
Жобаның негізгі алаңы ретінде Түркістан қаласындағы "Фараб" кітапханасының №6 жылжымалы пункті базасында жұмыс істейтін 5574 әскери бөлімінің кітапханасы белгіленген. Қазіргі таңда мұнда 100-ден астам тұрақты оқырман тіркеліп, бұл жеке құрамның кітап оқуға деген жоғары қызығушылығын айқын көрсетеді.
Кітапхана қоры 1130 данадан асады. Қор құрамына көркем әдебиет, тарихи және әскери-патриоттық шығармалармен қатар ғылыми-көпшілік еңбектер мен мерзімді басылымдар енгізілген. Әскери қызметшілер өздеріне қажетті әдебиеттерді таңдап, білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік алады.
Оқырмандық белсенділікті арттыру мақсатында арнайы ынталандыру жүйесі енгізілген. Әскери қызметшілер "Айдың үздік оқырманы, "Оқу көшбасшысы, "Кітапхана белсендісі" және "Жылдың үздік оқырманы" номинациялары бойынша бақ сынайды.
Жыл қорытындысы бойынша үздік оқырмандар оқыған кітаптарын комиссия алдында талқылап, арнайы төсбелгімен марапатталады. Сонымен қатар олардың фотосуреттері құрмет тақтасына орналастырылады.
"BOOKGUARD" жобасы Ұлттық ұлан әскери қызметшілері арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастырып, олардың зияткерлік әрі тұлғалық дамуына серпін береді.