
26-29 наурыз аралығында өткен "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты — қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды анықтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау.
Іс-шараға полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Бұл өз кезегінде әлеуметтік мәселелерді шешуде кешенді тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Жүргізілген жұмыстар барысында 17 отбасы анықталып, оларға жан-жақты көмек көрсетілді. Атап айтқанда, құқықтық, психологиялық және медициналық қолдау көрсетіліп, жұмысқа орналасуға жәрдем берілді.
Сонымен қатар 20 баяндама ұйымдастырылып, халықпен 35 кездесу өткізілді. Жалпы саны 3 мыңнан астам профилактикалық іс-шара жүзеге асырылды: тұрғын үйлер, аулалар және саяжай учаскелері тексеріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Профилактикалық есепте тұрған 610 адам тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша 1000-нан астам құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде түнгі уақытта үйден тыс жүрген 121 кәмелетке толмаған, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы 9 құқық бұзушылық және балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамаудың 16 дерегі тіркелді.
Бұдан бөлек, 83 адам профилактикалық есепке алынып, 26 адам медициналық айықтырғышқа жеткізілді. Екі кәмелетке толмаған уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды.
— Профилактика — бұл ең алдымен көмек пен алдын алу. Маңыздысы — мәселені анықтап қана қоймай, адамға дер кезінде қолдау көрсету, — деді полицейлер.