Алматыда балаларды қорғау бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда

Алматыда балаларды қорғау бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда

     Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов мәлімдеді.

     Қалада 2026–2030 жылдарға арналған "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы іске асырылуда. Аталған құжат аясында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды дамытуға, интернет кеңістігінде қорғауға және өскелең ұрпақ үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған 150-ден астам іс-шара қамтылған.

– Бұл – жай ғана бастама емес, балалардың болашағы үшін тікелей жауапкершілігіміз. Әрбір бала өзін барлық жерде – үйде, мектепте, көшеде және цифрлық ортада қауіпсіз сезінуі тиіс. Біз жасөспірім кезеңде тұлғалық құндылықтар мен мінез-құлық үлгілері қалыптасатынын жақсы түсінеміз. Сондықтан профилактика мен тәуекелдерді ерте анықтауға ерекше мән беріп отырмыз, – деп атап өтті Айдын Кабдулдинов.

     Полиция мәліметінше, жұмыс кешенді түрде жүргізілуде. Оқушылар мен ата-аналармен тұрақты кездесулер өткізіліп, жастарды спортқа, шығармашылыққа және қоғамдық қызметке тарту бағдарламалары жүзеге асырылуда.

     Сонымен қатар тәуекел тобына жататын жасөспірімдерге атаулы көмек көрсетіледі.

     Маңызды бағыттардың бірі – "Жас сақшы" полиция сыныптарын дамыту. Бұл жоба ІІМ бастамасымен қолға алынған. Бүгінде Алматыда осындай 15 сынып жұмыс істейді. Онда оқушылар жалпы біліммен қатар құқық негіздерін, тәртіп пен жауапкершілік қағидаларын меңгереді.

     Бұдан бөлек, әрбір мектепке полиция қызметкерлері бекітіліп, білім беру ұйымдарының әкімшілігімен жедел өзара іс-қимыл жолға қойылған. Ықтимал қауіптерге жедел әрекет ету үшін ортақ байланыс арналары құрылған.

– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – полиция, мектеп, ата-ана және қоғамның бірлескен жұмысы. Тек күш біріктіру арқылы ғана тұрақты нәтижеге қол жеткізе аламыз. Бұл ретте басты рөл отбасыға тиесілі. Ата-аналар баланың өміріне белсенді араласып, сенімді қарым-қатынас орнатып, дұрыс өмірлік бағдар қалыптастыруы қажет, – деді Айдын Кабдулдинов.

     Полиция өкілдері атап өткендей, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғамның болашағына тікелей әсер ететін ұзақ мерзімді әрі басым міндет.