
Теміртау қаласында полиция майоры Ерлан Нұрғалиевті еске алуға арналған ІІМ ардагерлері арасындағы дәстүрлі футбол турнирі өтті.
Өткен демалыс күндері Теміртау қаласындағы спорт кешенінде полиция майоры Ерлан Нұрғалиевті еске алуға арналған дәстүрлі футбол турнирі ұйымдастырылды. Марқұм қызметтен зейнетке шыққаннан кейін "Охотзоопром" кәсіпорнында егерь болып еңбек еткен. Ол қызмет барысында қаза тапқан.
Турнирге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ардагерлері арасынан 10 команда қатысты. Атап айтқанда ҚР ІІМ орталық аппараты, Астана қаласы, сондай-ақ Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарының полиция департаменттерінің командалары бақ сынады. Сонымен қатар Теміртау қалалық полиция басқармасы мен "Охотзоопром" қызметкерлері де жарысқа қатысты.
50 жастан асқан ардагерлер бақ сынаған жарыс тартысты өтті. Қатысушылар өзара мықты ойын көрсетіп, тәжірибе мен шеберліктің үлгісін танытты.
Екі күнге созылған турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды ҚР ІІМ командасы иеленді. Екінші орын Павлодар облысы полиция департаментіне бұйырса, үшінші орынды Жамбыл облысының командасы алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, қатысушыларға алғыс білдірілді.