Жетісу облысында “Заң мен тәртіп — қауіпсіз балалық шақтың кепілі” тақырыбында форум өтті

Жетісу облысында “Заң мен тәртіп — қауіпсіз балалық шақтың кепілі” тақырыбында форум өтті

     Жетісу облысы полиция департаментінің бастамасымен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, білім беру саласының өкілдерін және жастарды біріктірген “Заң мен тәртіп — қауіпсіз балалық шақтың кепілі” атты республикалық форум өтті.

     Форумның негізгі мақсаты — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қауіпсіз балалық ортаны қамтамасыз ету бағытында өзара іс-қимылды күшейту.

     Форумда Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов құттықтау сөз сөйледі.

— Қауіпсіз балалық шақ — мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Біз тек бірлесе отырып, әрбір баланың өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасай аламыз, — деп атап өтті ол.

     Іс-шара барысында түрлі бөлімшелердің қызметкерлері кәсіби дайындықтарын көрсетті. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері үйлесімді әрі шапшаң әрекеттерін паш етсе, кинологиялық қызмет пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесі заманауи қауіптерге қарсы күрестегі тиімді жұмыстарын көрсетті.

     Форумның жарқын сәттерінің бірі — жастардың белсенділігі мен азаматтық ұстанымын көрсеткен флешмоб болды. Сондай-ақ №14 мектеп-гимназиясының “Жас сақшы” кадеттер хоры өнер көрсетіп, тәртіп пен жауапкершілікті ерте жастан қалыптастырудың маңызын айқындады.

     Форум марапаттау рәсімімен және интерактивті алаңдардың жұмысымен қорытындыланды. Қонақтар құқық қорғау саласындағы мамандықтармен танысып, арнайы техникаларды, полиция автокөліктерін, ЖҚАЖ қызметкерлерінің жабдықтарын көріп, криминалистер мен патрульдік полиция жұмысы туралы ақпарат алды.

     Іс-шараның қорытынды бөлігі ерекше қызығушылық тудырды. Ашық форматтағы кездесу барысында балалар мен жастар полиция қызметінің ішкі жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Заманауи полицияның мүмкіндіктерін көрсету жастар арасында сенім мен қызығушылықты арттыруға ықпал етті.

     Форум қоғам мен полиция арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.