
Көліктегі полиция департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Құрмет Мәжікенов халықпен есептік кездесу өткізді.
Жиынға департамент пен аумақтық бөліністердің басшылары, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, консультативтік-кеңесші орган өкілдері, сондай-ақ еліміздің әуе және теміржол мекемелерінің өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан К.Мәжікенов көлік полициясының жұмысы, ең алдымен, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ көлік объектілерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
Ол өз баяндамасында онлайн-кездесу қатысушыларын Көліктегі ПД-ның құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыспен күрес және есірткі қылмыстары мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша атқарған жұмыстарының нәтижелерімен жан-жақты таныстырды. Сонымен қатар "Заң мен тәртіп" қағидатын қамтамасыз етуге баса назар аударылғанын айтты. 2025 жылы департаменттің қызмет көрсету аумағында 1196 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Олардың жалпы ашылу деңгейі 74,7%-ды құрады. Сондай-ақ 89 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.
Халықпен 5 мыңнан астам кездесу өткізіліп, жолаушылар пойыздарында 7,6 мыңнан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Мұндай өзара іс-қимыл форматы азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруге және құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында кадр саясатын жетілдіру, жеке құрам арасында тәртіп пен заңды нығайту мәселелері де көтерілді. Баршаға мәлім, Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады, ал ІІМ – "Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі" жылы деп айқындады. Қ.Мәжікенов құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында көлік полицейлері күнделікті қызметте заманауи технологияларды барынша қолданатынын атап өтті.
Аталған кездесу тек қорытынды жасау үшін ғана емес, сонымен қатар полиция мен халық арасындағы жемісті диалог орнату үшін өткізілп отыр. Осыған орай, азаматтар тарапынан пойыздардағы қауіпсіздік, теміржолдардағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелері туралы және ішкі істер органдарына қызметке қабылдау талаптарына қатысты сұрақтар қойылып, оларға тыңғылықты жауаптар мен тиісті түсіндірмелер берілді. Кездесу соңында Қ.Мәжікенов қатысушыларға алғыс айтып, "Заң және тәртіп" қағидаты департамент қызметіндегі негізгі бағдар болып қала беретінін атап өтті.
Жалпы, департамент қызметіне оң баға беріліп, көліктегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жұртшылықтың белсенді қатысуын нығайту бойынша ұсыныстар енгізілді.
Аталған іс-шара Көліктегі ПД-ның Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында онлайн форматта өтіп, үш мыңнан астам қатысушыны қамтыды. Тікелей эфир барысында 50-ге жуық сұрақ түсті.