Ақмола облысында жаңа жедел басқару орталығы ашылды

Ақмола облысында жаңа жедел басқару орталығы ашылды

     Ақмола облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы цифрлық жаңғыру үдерісі жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бастамалар Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы", сондай-ақ "Заң және тәртіп" қағидаттарын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.

     Осы бағыттағы кезекті маңызды жоба – Целиноград ауданының Ақмол ауылында жаңа жедел басқару орталығының ашылуы. Өңірде бейнебақылау камераларының желісі кеңейтіліп, интеллектуалды мониторинг жүйелері кезең-кезеңімен іске қосылуда.

     Жаңа орталықтың ашылу салтанатына Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мұқашев қатысып, цифрлық технологияларды енгізу құқық бұзушылықтардың алдын алу мен оларға жедел ден қою тиімділігін арттыратынын атап өтті.

     Қазіргі таңда Целиноград ауданының ірі елді мекендерінде 540-тан астам сыртқы бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде 200-ден астам камера жаңа жедел басқару орталығына қосылған. Сонымен қатар орталық жүйесіне барлық мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің бейнебақылау құрылғылары біріктірілді. Бұл шешім кез келген төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және балалардың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

     Алдағы уақытта аталған жүйені одан әрі жетілдіру көзделген. Атап айтқанда бейнебақылау камераларының санын арттыру, сондай-ақ озық цифрлық және талдамалық шешімдерді енгізу арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейін жаңа сатыға көтеру жоспарлануда.