Жетісу облысында полиция "Жолда қабылдау" акциясын өткізді

Жетісу облысында полиция "Жолда қабылдау" акциясын өткізді

     Наурыз мерекесі қарсаңында Жетісу облысында халыққа құқықтық және консультативтік көмек көрсетуге бағытталған "Жолда қабылдау" кең ауқымды акциясы өтті.

     Іс-шаралар Алматы - Өскемен республикалық автожолында және адамдар көп шоғырланатын орындарда ұйымдастырылды. Арнайы мобильді қабылдау пункттері құрылып, азаматтарға полиция қызметкерлері мен мемлекеттік органдар өкілдеріне тікелей сұрақ қою мүмкіндігі ұсынылды.

     Мерекелік көңіл күйді тәртіп сақшыларының өздері қалыптастырды. Кейбір қызметкерлер азаматтарды ұлттық киіммен қарсы алып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге дәстүрлі тағамдар — наурыз көже, бауырсақ пен ет ұсынып, қазақ халқының қонақжайлығы мен бірлігін паш етті.

     Акция аясында облыс бойынша мобильді пункттер жұмыс істеп, "жедел желі" қызметі ұйымдастырылды, сондай-ақ әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер өткізілді.

     Іс-шара барысында 500-ден астам өтініш келіп түсті. Ең өзекті мәселелер қатарында автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәліктерін алу, жол қозғалысын ұйымдастыру, айыппұл төлеу, көші-қон заңнамасын сақтау, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану, бейнебақылау камералары және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолдану мәселелері болды.

– Наурыз – бірлік пен ашықтықтың мерекесі. Біз халыққа жақын болып, олардың үнін естіп, күнделікті мәселелерін шешуге көмектесуге тырысамыз. Мұндай акциялар сенімді нығайтып, өзара іс-қимылды тиімді ете түседі, – деп атап өтті полиция өкілдері.

     Азаматтардың оң пікірі бұл бастаманың халық пен полиция арасындағы сенімді арттыруға ықпал ететінін көрсетті. Аталған акция ішкі істер органдарының ашықтығын, азаматтардың құқықтарын қорғау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстың нақты көрінісіне айналды.