
Қазіргі әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау барған сайын кешенді әрі көпдеңгейлі тәсілді талап етеді. Халықаралық қоғамдастық бітімгершілік миссияларға мемлекеттердің қатысуының орнықты тәжірибесін қалыптастырды, мұнда әскери бөліністермен қатар полиция құрамдасы айрықша рөл атқарады.
Айрықша атап өткен жөн: полицияның бітімгершілік миссиясы – бұл әскери операция емес. Оның міндеттері мен функционалы түбегейлі өзгеше. Әскери контингент, әдетте, атысты тоқтатуды қамтамасыз етіп, жағдайды тұрақтандырып, базалық қауіпсіздік жағдайларын қалыптастырса, полиция бөліністері келесі кезеңде – құқықтық тәртіп пен мемлекеттік институттарды қалпына келтіру кезеңінде жұмысқа кіріседі.
Нақтысында, полиция контингенті қарулы қақтығыстың белсенді фазасы аяқталған немесе едәуір төмендеген кезде енгізіледі. Оның міндеті – күшпен тежеу режимінен заңдылық пен орнықты азаматтық басқару режиміне көшуге жағдай жасау.
Халықаралық тәжірибе дәл осы кезеңде ұзақ мерзімді тұрақтылықтың негізі қаланатынын көрсетеді. Тиімді құқық қорғау жүйесін қалпына келтірмей, билік органдардың, сот жүйесінің, әлеуметтік қызметтердің және экономиканың толыққанды жұмыс істеуі мүмкін емес.
Полицияның бітімгершілік миссиялары, ең алдымен, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтық халықты қорғауға, қылмыстың өсуіне жол бермеуге, заңсыз қару айналымына қарсы күреске бағытталады. Алайда олардың қызметі тек патрульдік жұмыспен шектелмейді.
Негізгі міндеттердің бірі – жергілікті полиция қызметкерлерін оқыту және тәлімгерлік қолдау көрсету. Бұл кәсіби стандарттарды енгізу, есептілік қағидаттарын, адам құқықтарын сақтау мен құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелерін қамтиды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, кәсіби, саясиландырылмаған әрі халыққа бағдарланған полиция қалыптастырмайынша, қол жеткізілген тұрақтылықты бекіту мүмкін емес.
Сонымен қатар полиция контингентінің құрамында тар бейінді мамандар – криминалистер, ауыр және ұйымдасқан қылмыстарды тергеу жөніндегі сарапшылар, киберқауіптерге қарсы іс-қимыл, гендерлік зорлық-зомбылық және трансұлттық қылмыс саласындағы мамандар жіберіледі. Мұндай сарапшылар құқық қорғау құрылымдарының жүйелі жұмысын жолға қоюға және қоғамның қауіпсіздік институттарына деген сенімін қалпына келтіруге ықпал етеді.
Қатысудың түрлі форматтары бар: консультативтік функцияларды орындайтын жеке полиция офицерлері; қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін жасақталған полиция бөліністері; сондай-ақ нақты міндеттерді шешуге тартылатын сараптамалық топтар.
Мұндай миссияларға қатысу жоғары кәсіби дайындықты, психологиялық тұрақтылықты, халықаралық стандарттарды білуді және көпұлтты ортада жұмыс істей алу қабілетін талап етеді. Бұл – қызметкер тек ведомствоны ғана емес, тұтастай мемлекетті таныстыратын жоғары жауапкершілік жүктелген қызмет.
Сонымен қатар мұндай миссиялар мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие. Контингент жіберу елдің халықаралық аренадағы беделін нығайтып, серіктестермен практикалық ынтымақтастықты кеңейтеді, қауіпсіздік саласындағы сенімді арттырады және екіжақты әрі көпжақты байланыстарды дамытуға ықпал етеді. Бұл – мемлекеттің жаһандық үдерістердің жауапты әрі сындарлы қатысушысы ретінде өзін танытуына мүмкіндік беретін халықаралық қатынастар саласындағы маңызды тәжірибе.
Сонымен бірге бітімгершілік миссияларға қатысу ұлттық полицияның дамуына да серпін береді. Алынған халықаралық тәжірибе, заманауи жұмыс әдістері, дағдарыс жағдайларын басқару және мәдениетаралық өзара іс-қимыл дағдылары ұлттық жүйеге қайта оралып, оның ресурсына айналады.
Әлемдік тәжірибе орнықты бейбітшілік тиімді полициясыз мүмкін еместігін айқын көрсетеді. Дәл осы полиция құрамдасы қақтығысты тоқтату кезеңінен толыққанды құқықтық мемлекет қалыптастыру кезеңіне өтуді қамтамасыз етеді. Бұл – әскери миссия емес, бұл – құқықтық тәртіп, кәсібилік және жауапкершілік миссиясы.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры С. Әділов