
Республикалық "Заңсыз келуші" іс-шараның алғашқы екі күнінде полиция қызметкерлері 636 құқық бұзушылықты анықтады.
Анықталған деректердің басым бөлігі шетел азаматтарының елде болу тәртібін сақтамауына байланысты.
– Іс-шараның екі күні ішінде 636 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 513 шетел азаматы Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзған, 107 қабылдаушы тұлға олардың заңды болуын қамтамасыз етпеген, ал 16 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған. Сот шешімімен 76 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды. Сонымен қатар заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастыру дерегі анықталып, іздеуде жүрген шетелдік азамат ұсталды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және ерекше бақылауда, — деді Алматы қаласы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаев.
Полицияда атап өткендей, аталған іс-шаралар тек заң бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, сонымен қатар олардың алдын алуға және "Заң мен тәртіп" қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған.