
Өскеменде облыстық полиция департаментінің қолдауымен жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелерді қозғайтын “9_16” фильмінің тұсаукесері өтті.
“Юбилейный” кинотеатрында өткен “9_16” қысқаметражды фильмінің премьерасына 400-ден астам оқушы, ата-аналар мен қонақтар жиналды.
Фильм жасөспірімдердің өміріндегі шынайы мәселелерді — қарым-қатынас, ортаның ықпалы және жеке таңдауын көрсетеді.
Көрсетілім алдында арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда қатысушылар полиция көліктерін, криминалистика және киберполиция құралдарын, есірткі заттарының үлгілері мен арнайы жабдықтарды тамашалады. Балалар мен ата-аналар құқық қорғау органдарының жұмысымен жақын танысуға мүмкіндік алды.
— Қымбатты балалар! Құрметті ата-аналар! Бүгінгі "9_16" фильмі жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселесін көтереді. Ол бір-біріне қамқор болуға, шынайы достықты бағалауға және жақсылыққа ұмтылуға үйретеді. Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз — біздің басты міндетіміз, бұл хикая сіздерге пайдалы әрі маңызды сабақ болады деп сенемін, — деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Серік Манапов.
Қазақстан Республикасы Театр қайраткерлері одағының мүшесі, "SAMGA" даму орталығының жетекшісі Әлия Көңілханның қатысуы фильмге ерекше сән берді: оның балалары туындының кейіпкерлері атанды, ал Әлия ханымның өзі түсірілімге қатысып, фильмнің жарыққа шығуына қолдау көрсетті. Бұл тарихқа шынайылық пен жанды атмосфера сыйлады.
Іс-шара соңында ата-аналар осы іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, фильмнің өзектілігі мен өскелең ұрпақ үшін маңызды тәрбиелік мәні бар екенін айтты.
Шара "Заң мен тәртіп — қауіпсіз балалық шақ кепілі" идеологиясы аясында өтіп, полиция мен қоғам арасындағы ашық диалог алаңына айналды.