Ұлытау облысында қылмыс деңгейі төмендеді

Ұлытау облысында қылмыс деңгейі төмендеді

     Ұлытау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев халық алдында есеп берді.

     Өңірдегі жедел жағдай тұрақты. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қылмыс саны айтарлықтай азайған.

     Полиция департаменті бастығының мәлімдеуінше, облыс аумағында ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны төмендеген. Бұл – полиция қызметінің профилактикалық бағытқа басымдық бергенінің айқын дәлелі. Аса ауыр қылмыстар 50% азайып, ауыр қылмыстар 13,3% төмендеген. Орташа ауыр емес қылмыс 28% қысқарған. Сонымен қатар көшелердегі, қоғамдық орындардағы және отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың да азайғаны байқалады. Бұл көрсеткіштер тұрғындардың күнделікті өмірдегі қауіпсіздік сезімін арттыра түспек.

     Заман ағымына сай қылмыстың онлайн-ортаға ауысуына байланысты полиция қызметкерлері заманауи технологияларды іске қосты. "Киберпол" бөлімі 5 мыңнан астам заңсыз сайтты бұғаттады, мыңнан астам дропперлердің жолы кесілді. Алданған азаматтарға 18,6 млн теңге қайтарылды.

— Бүгінде алаяқтар технологияны емес, адамның эмоциясын пайдаланады. Тез пайда тапқысы келу немесе қорқыныш сезімі адамдарды алаяқтардың құрығына түсіреді. Сондықтан біз тек қылмысты ашып қана қоймай, түсіндіру жұмыстарына да баса назар аударамыз, — деді Нұрхат Оразбаев.

     Өңірде жедел басқару орталығы құрылып, оған облыс бойынша 3 648 бейнекамера біріктірілген. Облыстағы мектептердің 81,6%-ы ЖБО-ға қосылған. Бұл – балалардың қауіпсіздігін онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін үлкен қадам.

     Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметі дрондарды пайдалануда. Бүгінде 3 дрон күнделікті қызметте пайдаланылады. Сондай-ақ жол қозғалысын бақылайтын "Ekin-patrol" кешендері арқылы жылдамдықты асыру және басқа да ереже бұзушылықтар қатаң бақылауға алынған.

     Жалпы, есептік кездесу полиция мен қоғам арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Тұрғындардың нақты сұрақтары мен ұсыныстары ескеріліп, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.