Қауіпсіздіктің жаңа моделі: полиция футбол матчының қорытындысын шығарды

Қауіпсіздіктің жаңа моделі: полиция футбол матчының қорытындысын шығарды

     Алматы қаласында көпшілік жанкүйер жиналған футбол матчы өтті. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі толық көлемде қамтамасыз етіліп, стадион аумағы мен оған іргелес аумақтардағы жағдай полиция қызметкерлерінің тұрақты бақылауында болды.

     Матч барысында қоғамдық тәртіптің өрескел бұзылуына, сондай-ақ жанкүйерлер арасында қақтығыстарға жол берілген жоқ. Жалпы жедел ахуал іс-шара бойы тұрақты деңгейде сақталды.

     Сонымен қатар матч кезінде жалпы жағдайға әсер етпеген жекелеген құқық бұзушылықтар тіркелді: ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 13 дерегі, жол қозғалысы ережелерін бұзудың 28 фактісі, ұсақ бұзақылықтың 2 жағдайы, қоғамдық орында мас күйінде болудың 1 дерегі анықталды. Барлық құқық бұзушылық заң талаптарына сәйкес дер кезінде тоқтатылды.

     Қауіпсіздікті қамтамасыз ету полиция, жеке күзет ұйымдары, стюардтар мен еріктілер арасында функцияларды нақты бөлуге негізделген жаңа модель аясында жүзеге асырылды. Полиция қызметкерлері сыртқы периметрде қызмет атқарып, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуді қамтамасыз етті.

– Негізгі міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жанжалдардың алдын алу. Қабылданған шаралар жалпы тұрақты ахуалды сақтап, матчты елеулі оқиғаларсыз өткізуге мүмкіндік берді. Дегенмен, қауіпсіздіктің жаңа моделі одан әрі жетілдіруді талап етеді, әсіресе тартылған қызметтердің өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру және жауапкершілік аймақтарын нақты сақтау бағытында, – деді Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.

     Полиция жаппай іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін жинақталған тәжірибе негізінде одан әрі жетілдіру жұмыстарын жалғастырады.