Қарағанды облысында кезекті "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

Қарағанды облысында кезекті "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

     Қарағанды облысындағы Нұра ауданында "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды.

     Жобаның басты мақсаты – мектеп оқушыларына құқықтық тәртіп қағидаларын терең меңгерту, құқық бұзушылықтың алдын алу және жас ұрпақ бойында шынайы патриоттық құндылықтарды қалыптастыру.

     Қарағанды облысының полиция департаменті мен облыстық білім басқармасының өзара тиімді ынтымақтастығы нәтижесінде жүзеге асқан "Жас сақшы" жобасы жастардың бойында тәртіп, жауапкершілік және азаматтық сана секілді маңызды қасиеттерді дамытуға бағытталған.

     Сонымен қатар бұл бастама қоғамдағы полиция қызметінің маңызын ұғындыруға және ішкі істер органдарында қызмет етуге деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.

     Жаңа сынып кабинетіне Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, Нұра ауданының құрметті азаматы, милиция подполковнигі Жанабыл Баймағамбетовтің есімінің берілуі – терең мәнге ие шешім. Оның өмір жолы – ел дамуының күрделі кезеңдеріндегі табандылықтың, соғыс жылдарындағы ерліктің және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі адал қызметтің айқын көрінісі.

     Ардагердің "Даңқ" ордені, "Отан соғысы" ордені және медальдары оның Отан алдындағы және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі елеулі еңбегін айғақтайды.

     Салтанатты шараға құрметті қонақтар қатысты: Нұра ауданы полиция бөлімінің бастығы Марат Тұяқбаев, Ж.Баймағамбетовтің ұлы Әбілтай Баймағамбетов, Нұра ауданы ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрайымы Алмагүл Оразбекова, Нұра ауданы білім бөлімінің басшысы Дархан Такишев, Ауған соғысының ардагері Мадияр Төлеубаев және Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры Ахан Махаметчин.

     Іс-шараның шарықтау шегі – "Жас сақшы" мүшелерінің салтанатты түрде ант қабылдауы болды.