102 жастағы ардагер Құрмат Рахимов референдумда дауыс берді

102 жастағы ардагер Құрмат Рахимов референдумда дауыс берді

     ҰОС және ішкі істер органдарының ардагері Құрмат Рахимов үйінде дауыс берді.

     Ақсақал биыл 102 жасқа толды. Оның еңселі ғұмыры — қажырлы еңбекке, елге қызмет етуге және тарихтың күрделі белестеріне толы нағыз өмір мектебі.

     Жасының егделігіне қарамастан, ардагер ел ісінен шет қалмай, мемлекет болашағы үшін өз таңдауын жасады. Жақындарының айтуынша, ол маңызды саяси науқандардың ешбірінен қалыс қалмаған — бүгін де сол дәстүрінен жаңылмай, өз дауысын берді.

     Салтанатты сәтте қарияның қасында көшпелі дауыс беру үдерісін сүйемелдеген полиция қызметкерлері болды. Сондай-ақ ардагердің шаңырағына Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев арнайы барып, ақсақалға құрмет көрсетіп, ізгі тілегін білдірді.

     Ғасырдан астам ғұмыр кешкен жанның мұндай белсенді азаматтық ұстанымы — жай ғана дауыс беру емес. Бұл — өскелең ұрпақ үшін өнеге, ел тағдыры әрбір адамның шешімінен құралатынын ұғындыратын асыл үлгі.

     Бұл дауыста — тек бүгінгі күннің таңдауы емес, ертеңгі күнге деген нық сенім мен ақ бата бар.