
Орал қаласында "Anti-fraud" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікке ілінген адамды анықтап, әшкереледі.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті азаматтарға жоғары пайда табуға уәде беріп, ақшаларын жалған инвестициялық компанияға салуды ұсынған. Өз схемасын жүзеге асыру үшін күдікті WhatsApp мессенджерінде биржалық трейдингке қатысты топ ашып, онда инвестиция жасау мүмкіндігі туралы ақпарат жариялаған. Жәбірленушіге салынған қаражат 50 пайыз пайдамен қайтарылады деп айтылған. Осы ақпаратқа сенген ол ақша аударған. Осылайша күдікті жәбірленушінің 1 472 000 теңге көлеміндегі қаражатын иемденген.
Қазіргі уақытта алаяқтықтың екі эпизоды анықталды. Күдікті кінәсін мойындап, тиісті айғақтық база жиналды. Ұрланған қаражат әзірге тәркіленген жоқ. Күдіктінің заңсыз әрекеттерінен басқа азаматтар да зардап шеккен болуы мүмкін. Осыған байланысты полиция қосымша тексеру шараларын жүргізіп жатыр.