Жетісу облысында құқық бұзушылықтың алдын алудың жаңа форматы енгізілуде

Жетісу облысында құқық бұзушылықтың алдын алудың жаңа форматы енгізілуде

     Жетісу облысы полиция департаментінің бастамасымен өңірде Қазақстан Республикасының "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" заңы аясында мобильді топтардың жұмысы енгізілуде. Бастаманың негізгі мақсаты – қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу.

     Іс-шаралар аясында мамандар виктимологиялық профилактика жүргізуде. Бұл бағыт азаматтарды ықтимал құқық бұзушылықтардан қорғауға және олардың қылмыс құрбанына айналу қаупін азайтуға бағытталған. Тұрғындарға қауіпсіз мінез-құлық қағидалары түсіндіріліп, тұлғааралық жанжалдарды бейбіт жолмен шешу тәсілдері үйретіледі. Сонымен қатар заңды өзін-өзі қорғау жолдары мен қауіп төнген жағдайда қолданылатын қорғану шаралары туралы ақпарат беріліп, азаматтарға құқықтық, психологиялық және консультациялық көмек көрсетіледі.

     Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – құқық бұзушылықтан зардап шеккен азаматтарды анықтау және оларға қолдау көрсету. Осы мақсатта көмек көрсету жүйесін дамыту, сенім телефондары мен ақпараттық алаңдардың жұмысын жетілдіру, сондай-ақ заманауи профилактикалық тәсілдер туралы материалдарды кеңінен тарату көзделген. Сонымен бірге құқық бұзушылықтар жиі орын алатын орындар мен себептерге талдау жүргізіліп, қауіпсіздікті арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдануда.

     Пилоттық іс-шара Текелі қаласында өтті. Оған 50-ге жуық адам, оның ішінде құқық бұзушылықтан зардап шеккен азаматтар қатысты. Іс-шараны ұйымдастыруға Текелі қаласының полиция қызметкерлері, Жетісу облысының спорт және мәдениет басқармасының, денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, кризистік орталық, психологиялық қолдау орталығы және "Жанұя" отбасыны қолдау орталығының мамандары атсалысты.

     Жетісу облысы полиция департаментінде атап өткендей, мобильді топтарды енгізу түрлі қызметтер мен ұйымдардың күшін біріктіріп, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

— Біздің басты міндетіміз – азаматтарға дер кезінде қолдау көрсету және қоғамда тұрақты қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, — деді ведомство өкілдері.

     Алдағы уақытта мобильді топтардың жұмысы облыстың барлық қалалары мен аудандарында кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл профилактикалық жұмысты күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.