"Құқықтық тәртіп" ЖПІШ: Ақтөбе облысында есірткінің ірі партиясы тәркіленді

"Құқықтық тәртіп" ЖПІШ: Ақтөбе облысында есірткінің ірі партиясы тәркіленді

     Ақтөбеде облысында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ондаған құқық бұзушылық анықталып, синтетикалық есірткінің ірі партиясы тәркіленді.

     Республика бойынша өткізіліп жатқан "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында күшейтілген рейдтік және профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр.

     Іс-шараның екі күнінде полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерін заңсыз сату бойынша 22 деректі, ұсақ бұзақылықтың 43 дерегін, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 25 дерегін анықтады. Сонымен қатар 26 шетел азаматы Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған, олардың алтауы ел аумағынан тысқары шығарылды.

     Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылуда. Полицейлер жолдың қарсы бағытына шығудың 10 дерегін, сондай-ақ көлік құралын мас күйінде басқарған 12 жүргізушіні анықтады.

     Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз айналымға салды деген күдікпен Ақтөбе қаласының тұрғынын ұстады. Тергеу әрекеттері кезінде күдіктінің автокөлігінен ұнтақ тәріздес зат салынған 8 орам табылып, тәркіленді.

     Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 6,47 грамм болатын синтетикалық психотроптық зат екені анықталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.