Түркістан облысында полицейлер 300-ге жуық тұрғынға киберқауіпсіздік жайлы түсіндірді

Түркістан облысында полицейлер 300-ге жуық тұрғынға киберқауіпсіздік жайлы түсіндірді

     Сайрам ауданының мал базарында таңғы сағат 07:00-ден бастап полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған нәтижелі профилактикалық іс-шара өткізді.

     Халық ең көп шоғырланатын уақытты тиімді пайдалана отырып, тәртіп сақшылары 300-ге жуық ауыл тұрғынымен тікелей байланыс орнатты. Әрбір азаматпен жеке сөйлесіп, интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдерін нақты мысалдар арқылы түсіндірді.

     Полицейлер жалған онлайн несие рәсімдеу, өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстыру, әлеуметтік желілер арқылы жалған инвестициялық ұсыныстар тарату және күмәнді сілтемелер арқылы жеке мәліметтерді иемдену деректеріне ерекше тоқталды. Сонымен қатар тұрғындарға ЖСН, банк картасының нөмірі мен SMS-кодтарды ешкімге бермеу қажеттігі қатаң ескертілді.

     Іс-шара барысында полиция қызметкерлері тек түсіндіру жұмыстарымен шектелмей, азаматтардың сауалдарына нақты жауап беріп, қауіптің алдын алу жолдарын кезең-кезеңімен баяндады. Әр тұрғынға сақтық шаралары көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылды.

     Тәртіп сақшылары мұндай алдын алу шаралары халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және киберқылмыстың жолын кесуге бағытталғанын атап өтті. Полиция алдағы уақытта да ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.