
Абай облысында полицейлер "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған "Заң керуені" көшпелі акциясы барысында Бесқарағай ауданының ауылдарын аралап, тұрғындармен ашық әрі мазмұнды кездесу өткізді.
Абай облысы аумағындағы Бесқарағай ауданы бұл күні тек ресми жиын алаңына емес, шынайы диалог орталығына айналды. Полицейлер әкімдік және салалық ведомстволар өкілдерімен бірге Глуховка, Канонерка, Бесқарағай және Малая Владимировка ауылдық округтеріне барып, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға тікелей жауап берді.
Құқық қорғау органдары үшін ең маңыздысы – құқық бұзушылықтың салдарымен күресу емес, оның алдын алу.
Ауыл тұрғындары жол қауіпсіздігі, мал ұрлығы, түнгі тыныштықты сақтау, тұрмыстық құқық бұзушылықтар, сондай-ақ интернет-алаяқтық деректері бойынша сұрақтарын ашық қойды. Полицейлер әр мәселеге нақты түсіндірме беріп, заң талаптарын егжей-тегжейлі жеткізді. Әсіресе соңғы уақытта белең алған кибералаяқтық схемаларына ерекше тоқталып, сақтық шараларын түсіндірді.
Ашық форматтағы жүздесулер халық пен полиция арасындағы сенімді арттыра түсті. Тұрғындар тек сұрақ қойып қана қоймай, өз ұсыныстарын айтып, құқықтық тәртіпті нығайтуға қатысты пікірлерімен бөлісті.
Облыстық деңгейде мұндай кездесулерді үйлестіретін арнайы штаб құрылғаны айтылды. Бұл бастама Мемлекет басшысы ұсынған "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында жүзеге асуда. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық мәдениетті арттыру және ең бастысы – полиция мен халық арасындағы тікелей байланысты күшейту.
Шара барысында Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Ернур Кутанбаев профилактикалық жұмыстың маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Біздің басты мақсатымыз – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Сол үшін ауыл-аймақтарды аралап, халықпен тікелей сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әсіресе кибералаяқтық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жүйелі профилактика қажет. Әр азамат сақтық шараларын біліп, заң талаптарын түсінсе, көптеген құқықбұзушылықтың жолын кесуге болады, – деді Ернур Кутанбаев.
Қоғам қауіпсіздігі әр тұрғыннан басталады. Ал сол қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты құрылым – полиция. Абай облысында бастау алған бұл тәжірибе құқық қорғау саласының ашықтыққа, серіктестікке және нақты нәтижеге бет алғанын көрсетеді.
Заң үстемдігі – ортақ жауапкершілік. Ал полиция – сол жауапкершіліктің алдыңғы шебінде.