Атырауда 30 мыңнан астам жасөспірімнің қатысуымен "Заң мен тәртіп: Қауіпсіз балалық шақ" форумы өтті

Атырауда 30 мыңнан астам жасөспірімнің қатысуымен "Заң мен тәртіп: Қауіпсіз балалық шақ" форумы өтті

     Балалық шақ – әр адамның ең бағалы кезеңі, ал жасөспірім – елдің жарқын болашағының кепілі. Олардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – қоғамның ортақ міндеті. Осы мақсатта Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әбдіғани Сейдуалиевтің қатысуымен "Заң мен тәртіп: Қауіпсіз балалық шақ" тақырыбында ауқымды форум ұйымдастырылып, оған 30 мыңнан астам жасөспірім қатысты.

     Форумда сталкинг, бала қауіпсіздігі, есірткі қылмысы, қыз алып қашу секілді қоғамда өзекті мәселелер қарастырылып, олардың құқықтық салдары мен алдын алу шаралары түсіндірілді. Жастарға заң талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті екені және құқық бұзушылықтың салдары жауапкершілікке әкелетіні айтылды.

     Форум барысында тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ішкі істер органдары қызметінің басым бағыты екенін атап өтті. Сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатындағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтып, жасөспірімдерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Заң үстемдігі – қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізі екені ерекше атап өтілді.

  • Бүгінгі таңда біз үшін ең басты құндылық – балаларымыздың қауіпсіздігі. Жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығы неғұрлым жоғары болса, қоғамдағы құқық бұзушылық деңгейі соғұрлым төмен болады. Әрбір жас өз құқығын біліп қана қоймай, өз міндетін де түсінуі тиіс. Заңды құрметтеу – қорқу емес, саналы таңдау. Біз сіздердің қауіпсіз әрі жарқын болашақтарыңыз үшін қызмет етеміз. Бірақ тәртіпті сақтау – тек полицияның ғана емес, әр азаматтың ортақ міндеті, - деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев.

     Іс-шара тәрбиелік мәні бар әндер мен құқықтық тақырыптағы көрініс қойылыммен өз жалғасын тапты.