Қарағанды облысында полиция "резеңке пәтерлер" желісін жойды

Қарағанды облысында полиция "резеңке пәтерлер" желісін жойды

     Қарағанды облысының полиция департаменті жедел-профилактикалық операцияның қорытындысын жариялады. Іс-шара барысында көші-қон заңнамасын бұзудың жүздеген дерегі анықталып, жалған тіркеу орындарының қызметі тоқтатылды.

– Операция аясында көші-қон қызметінің мамандары 192 жылжымайтын мүлік нысанын тексерді. 4 644 Қазақстан азаматы мен 546 шетелдік ресми түрде тіркелген мекенжайлар ерекше бақылауға алынды. Тексеру жұмыстары көпқабатты тұрғын үйлерде, сондай-ақ 11 әлеуметтік маңызы бар нысанда (жатақханалар мен медициналық орталықтарда) жүргізілді. Нәтижесінде 37 нысан "резеңке пәтер" ретінде танылды. Жалпы 441 құқық бұзушылық анықталды. 106 адам (оның ішінде 103 ҚР азаматы және 3 шетелдік) тіркеу есебінен шығарылды. Заң бұзушылыққа жол берген тұрғын үй иелері жауапкершілікке тартылды, – деп мәлімдеді Қарағанды облысының полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Уәлиев.

     Құқық бұзушылықтарды анықтауда полиция цифрлық мүмкіндіктерді де тиімді пайдалануда. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде жалға беру және тіркеу қызметін ұсынып келген жеке үй иесі (жеке кәсіпкер) анықталды.

     2026 жылғы 20 ақпандағы тексеріс кезінде аталған мекенжайда 21 адамның тіркелгені белгілі болды. Нәтижесінде хабарландыру жойылып, бір "тұрғын" тіркеуден шығарылды. Үй иесіне Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 493-бабы 2-бөлігіне сәйкес, тиісті шаралар қабылданды.

     Сонымен қатар Шет ауданында мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен Өзбекстан азаматы анықталды. Бұл дерек Қазақстан Республикасы ҚК-нің 392-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді.

– "Резеңке пәтерлерді" анықтау және ішкі көші-қон процестерін бақылау жұмыстары тұрақты түрде жалғасады. Тіркеу талаптарын сақтау – жай ғана формалдық емес, бұл қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды кепілі, – деп қорытындылады Арман Уәлиев.