
Астана қаласында өткен Азия құрлығы кубогына арналған джиу-джитсу және грэпплингтен халықаралық жарыста Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкері Рустам Күзембаев жоғары спорттық шеберлігін көрсетті.
Аталған додаға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ ТМД елдері, Еуропа және Латын Америкасынан келген 2 мыңнан астам спортшы қатысты. Бәсекенің жоғары деңгейде өткеніне қарамастан, 77 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Рустам Күзембаев табандылық пен қайсарлық танытып, алтын және күміс жүлдені жеңіп алды.
— Бәсекелестік өте жоғары болды, қарсыластардың барлығы техникалық тұрғыдан мықты дайындалған. Мен бала кезімнен күреспен айналысып келемін және салауатты өмір салтын ұстанамын. Спорт адамның мінезін шыңдап, ерік-жігерін нығайтады. Осындай жарыстарға қатысу өз мүмкіндігімді сынап, спорттық шеберлігімді жетілдіруге жол ашады. Барлық қарсыластар белсенді әрі батыл күрес көрсетті. Мен де бар күш-жігерімді салып, жүлделі орынға ие болдым. Алдағы уақытта да тоқтап қалмай, жаңа белестерді бағындыруға ұмтыламын, — деді спортшы-полицей Рустам Күзембаев.
Айта кету керек, Рустам Күзембаев — тәжірибелі спортшы. Ол "ВЕК ТИМ" джиу-джитсу және грэпплинг академиясында бас жаттықтырушы Заирбек Абылқадыров жетекшілігімен жаттығады. Оның қоржынында республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі жарыстардағы жеңістер де бар.
Әріптесімізді жоғары жетістігімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да жаңа жеңістер мен биік белестерді бағындыруына тілектеспіз.