UAE SWAT Challenge 2026: Астанада полиция қызметкерлері халықаралық жарыстағы жеңісі үшін марапатталды

UAE SWAT Challenge 2026: Астанада полиция қызметкерлері халықаралық жарыстағы жеңісі үшін марапатталды

     Бүгін Астана қаласы полиция департаментінде халықаралық UAE SWAT Challenge 2026 арнайы бөлімшелер жарысында ел намысын абыроймен қорғаған қызметкерлерді салтанатты түрде құрметтеу рәсімі өтті.

     Елордадағы Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері Айнагүл Байжігітова мен Мөлдір Атанай "Kazakhstan Tomiris" әйелдер құрамасында өнер көрсетіп, әйелдер командалары арасында І орынды иеленді. Сондай-ақ полиция қызметкері Елдос Сартай "Kazakhstan C" ерлер командасының құрамында қатысып, І орынға қол жеткізді.

     Жеңімпаздарды құттықтау үшін іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан арнайы қатысып, елордалық полицейлердің халықаралық аренадағы жетістіктері — ерекше мақтаныш әрі қазақстандық құқық қорғау органдарының жоғары дайындық деңгейінің айқын дәлелі екенін атап өтті.

     Астана қаласының ПД бастығы Марат Төлебаев қызметкерлерді лайықты нәтижелерімен құттықтап, олардың кәсібилігі мен қызметке деген адалдығын ерекше атап өтті.

     Салтанатты жиында жеңімпаздарға қала әкімі атынан Алғыс хаттар табысталып, сондай-ақ Департамент басшылығы атынан бағалы сыйлықтар берілді.

     Қол жеткізген нәтижелер — елордалық бөлімшелердің жоғары дайындық деңгейін және еліміздің халықаралық деңгейде лайықты таныстырылуын айқындайтын жарқын көрсеткіш.