
ҚР Ішкі істер министрі Е.Саденовтің тапсырмасымен Түркістан облысы полиция департаментінің базасында еліміздің бес өңірінен 270-тен астам тергеушіні біріктірген көшпелі семинар-кеңес өтті.
Іс-шараға Ұлытау, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы полиция департаменттерінің өкілдері қатысты. Кездесу ҚР ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары А.Досжановтың төрағалығымен болды.
Басты мақсат – тергеу жұмысының тиімділігін арттыру, заңның қатаң сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ заңнаманың жаңа талаптарын іске асырудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеу. Сотқа дейінгі тергеудің сапасына, дәлелдемелік базаны нығайтуға және заманауи криминалистикалық технологияларды енгізуге ерекше назар аударылды.
Семинар аясында басшылардың баяндамалары тыңдалып, осы жылдың қаңтар айындағы тергеу бөлімшелері қызметінің қорытындылары егжей-тегжейлі талданды. Қатысушылар конституциялық жаңалықтарды, қылмыстық заңнаманы жетілдіру мен құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктерін талқылады. Сондай-ақ әскери-тергеу органдарының жұмысын ұйымдастыру және өңіраралық өзара іс-қимылды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Практикалық бөлім дәлелдемелерді сапалы жинаудан бастап қазіргі заманғы техникалық мүмкіндіктерді белсенді пайдалануға дейінгі жедел-криминалистикалық бөлімшелердің нәтижелілігін арттыру мәселелеріне арналды.
Кеңес қорытындысы бойынша аумақтық бөлімшелердің алдына нақты міндеттер қойылды.
Сонымен қатар қызметтегі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін 10 қызметкер ІІМ грамоталарымен марапатталды.
Мұндай көшпелі іс-шараларды өткізу өзекті мәселелерге жедел ден қоюға, кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға және бүкіл ел бойынша тергеу жұмысының бірыңғай стандарттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.