
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2026 жылды "Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі" жылы деп жариялау бастамасы аясында Маңғыстау облысында тақырыптық форум ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін талқылау.
Форум жұмысына Маңғыстау облысы полиция департаментінің, білім басқармасының, денсаулық сақтау саласының өкілдері, психологиялық қолдау орталығының мамандары және мектеп директорлары қатысты.
Іс-шара барысында білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мектептерде құқық бұзушылықтардың психологиялық профилактикасы, жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайту, балалар мен жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Қатысушылар балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының Жолдауларында "Заң мен тәртіп" қағидатын қоғам өмірінің барлық саласына енгізуге, сондай-ақ ана мен баланы қорғау шараларын күшейтуге ерекше назар аударылған.
Форум қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, жүйелі профилактикалық жұмысты жетілдіру және ақпараттық-түсіндіру қызметін кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірленді.