Қарағанды облысында республиканың үздік криминалисі анықталды

Қарағанды облысында республиканың үздік криминалисі анықталды

     Қарағандыда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің “Үздік криминалисі” республикалық конкурсы салтанатты түрде қорытындыланды. Ауқымды кәсіби дода ел өңірлерінен келген криминалистикалық бөлімшелердің ең мықты өкілдерін бір алаңға тоғыстырды.

     Байқау қатысушылары жоғары теориялық дайындықтарын, практикалық шеберліктерін және қызметтік борышына деген адалдығын жан-жақты дәлелдеді. Тартысты өткен сайыс криминалист мамандардың кәсіби әлеуетін айқындап, саланың дамуына тың серпін берді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адилов арнайы қатысты.

– Баршаңызды байқаудың сәтті аяқталуымен құттықтаймын. Криминалистикалық қызмет - ішкі істер органдары жұмысының өзегі. Ол сапалы дәлелдемелік базаны қалыптастырып, тергеудің объективті жүргізілуін қамтамасыз етеді. Өткен жылы жедел-криминалистикалық бөліністердің қызметкерлері 42 мың оқиға орнына қарап-тексеруге қатысып, криминалистикалық есептерді пайдалана отырып 9 мың қылмысты ашты, 32 мыңнан астам зерттеу жүргізді, – деді министрдің орынбасары.

     Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды.

     I орын – Ақтөбе облысы полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасының криминалисі Азиза Қожабаева.

     II орын – Қарағанды облысы полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасының криминалисі Аида Джусупова.

     III орын – Астана қаласы полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасының аға криминалисі Нурсултан Бартаев.

     Арнайы номинациялар бойынша бірқатар қызметкер марапатталды.

     "Үздік бейневизитка" номинациясымен Түркістан облысы полиция департаментінің Сарыағаш қаласы жедел-криминалистикалық бөлімінің криминалисі Олжас Толеген.

     "Үздік криминалистикалық жоба" – Көліктегі полиция департаментінің бас криминалисі Арман Завотпаев марапатталды.

     Республиканың үздік криминалисі атанған Азиза Қожабаева жеңісінің маңызын ерекше атап өтті.

– Бұл байқауда бірінші орын иелену - мен үшін үлкен абырой әрі зор жауапкершілік. Осындай мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, - деді ол.

     Шара барысында ұзақ жылдар криминалистика саласында жемісті еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагерлерге де құрмет көрсетілді.

     Аймақтар арасындағы кәсіби байланысты нығайтқан республикалық конкурс концерттік бағдарламаға ұласып, жоғары деңгейде қорытындыланды.