Алматыда отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу бойынша ведомствоаралық жұмыс күшейтілді

Алматыда отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу бойынша ведомствоаралық жұмыс күшейтілді

     Алматыда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды тергеу сапасын арттыруға бағытталған ведомствоаралық іс-шара өткізілді. Іс-шараны Алматы қаласы полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы мен қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ұйымдастырды.

     Кездесу дөңгелек үстел форматында өтіп, оған прокуратура, сот органдары, сот-медициналық сараптама институты және құқық қорғау қауымдастығының өкілдері қатысты. Негізгі назар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 108-1 және 109-1-баптары бойынша қылмыстық істерді тергеу тәжірибесіне, сондай-ақ жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету мәселелеріне аударылды.

     Талқылау барысында құқық бұзушылықтарды тіркеуден бастап дәлелдемелерді бағалау, процессуалдық шешімдер қабылдау және жазаны орындау кезеңдерінде туындайтын өзекті мәселелер қаралды. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза қолдану және оны тағайындаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру мәселесі қозғалды.

     Полицияда атап өткендей, іс-шара қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін жетілдіру, құқық қорғау және сот органдары арасындағы үйлестіруді күшейту, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірленді.

     Полиция бұл бағыттағы жұмыс жүйелі негізде жалғасатынын, басты мақсат – жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу екенін атап өтті.