Есірткі тасымалдаушылардан 1 центнерден астам марихуана тәркіленді

Есірткі тасымалдаушылардан 1 центнерден астам марихуана тәркіленді

 

Түркістан облысының полицейлері есірткі тасымалдаушылардан 1 центнерден астам марихуана тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін брифингте Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов облыс аумағынан аса ірі көлемде есірткіні заңсыз тасымалдаудың екі жайтының жолы кесілгендігін айтты:

– Өткен жұма және сенбі күндері “Қарасора” мен “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында полицейлер есірткі заттарының екі ірі партиясын тәркіледі. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальонының бірлескен операциясы нәтижесінде бірінші жайт бойынша 60 кг марихуана, ал екіншісінде 48 келі есірткі тәркіленді.

Нақтылап айтар болсақ, патрульдік полицейлер республикалық маңызы бар Алматы-Ташкент-Термез автожолының 594 шақырымында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметін атқару барысында жол ережесін бұзған “Мазда” маркалы автокөлігін тоқтатады. Көлік құжаттарын тексеру кезінде тәртіп сақшылары ашуға бой алдырып, қарсылық көрсетуге тырысқан жүргізуші мен оның жолаушысының мінез-құлқынан күмәнданады. Сондықтан болып жатқан жағдайды ескере отырып, полицейлер көлікті түгелдей тексермекке бел буады.

Нәтижесінде олар көліктің жүксалғышынан есірткі затына ұқсас өткір иісі бар алты үлкен полиэтилен қапшығын тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, қапшықтардағы заттың жалпы салмағы 60 келіні құраған марихуана болып шықты. Қазіргі уақытта “Мазда” жолаушысы, яғни бұрын сотталған Жамбыл облысының тұрғыны уақытша ұстау абақтысына қамалды. Күдіктінің сөзіне қарағанда, ол бұл жүктерді Шымкент қаласына жеткізбек болған.

Ал келесі күні патрульдік полиция қызметкерлері Түлкібас ауданында Алматы-Ташкент-Термез автожолының 651 шақырымында қатты жылдамдықпен келе жатқан Жамбыл облысы тұрғынының басқаруындағы “Ауди-100” автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында Жамбыл облысының тұрғыны, яғни жүргізуші мас халде болған. Содан соң көліктің салонын тексеру кезінде құрамында өсімдік тектес есірткі заты бар үш полиэтилен қапшықты тәркіледі. Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген заттар жалпы салмағы 48 келі шығатын марихуана екендігі анықталды. Бұрын сотты болған “Ауди 100” автокөлігінің жүргізушісі жолаушысымен бірге Шымкент қаласына қарай есірткіні тасымалдамақ болған.

– Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 296 (Есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз пайдалану) мен 297 (Есірткіні өткізу мақсатында заңсыз сақтау,тасымалдау немесе өткізу) баптарымен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда күдіктілердің осы қылмыстарға қатыстылығы толығымен тексерілуде, сондай – ақ есірткі құралдарын жеткізу арналары анықталуда, – деп түйіндеді Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.