Әскери қызмет жас сарбаздың талантын шыңдауға ықпал етті

Әскери қызмет жас сарбаздың талантын шыңдауға ықпал етті

     Ақынға шабыт әртүрлі жағдайда келеді. Бірі оны табиғаттан тапса, енді бірі өмірдің сындарлы сәттерінен алады. Ал қатардағы Ерік Ысқақ үшін шығармашылықтың жаңа тынысы Ұлттық ұлан сапында, Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде қызмет ету барысында ашылды. Әскери өмірдің қатаң тәртібі мен жауапкершілігі жас сарбаздың бойындағы ақындық талантты шыңдап, оның жүрегінде патриоттық рухты жырмен өрнектеуге жол ашты.

     Ерік Ысқақ Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге үлкен мақсатпен келген. Оның арманы – ұландық ортада жүріп, патриоттық жанрда қалам тербеу, елге, жерге деген сүйіспеншілікті өлең арқылы жеткізу. Әскери қызмет оған тек тәртіп пен төзімділікті ғана емес, шығармашылық тұрғыдан жаңа серпін де сыйлады.

     "Әке көрген – оқ жонар" дегендей, оның өнерге жақындығы тегін емес. Ерік – Алматы облысының тумасы, жасы 25-те. Оның әкесі Ескермес Сәрсембаев – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал ақын-жазушы. Әкесінің өнегесі мен шығармашылық жолы жас ұланның бойындағы ақындық қабілетті ерте оятып, өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастырды.

     Атадан дарыған өнер ақындықпен ғана шектелмейді. Қатардағы Ысқақ – сондай-ақ шебер зергер. Ол бұл өнерді Алматы қаласындағы Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде меңгерген. Қолөнер мен поэзияны қатар алып жүрген жас сарбаз үшін шығармашылық – өмірінің ажырамас бөлігі.

     Ұлттық ұлан сапында жүріп, Ерік "ерлік", "батырлық", "Отанға адалдық" секілді қасиетті ұғымдардың мәнін терең түсінді. Екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз шаһарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ете отырып, ол күн сайынғы әскери қызметтің жауапкершілігін жүрегімен сезінді. Бұл сезімдер оның жырларына арқау болып, қойын дәптерінің беттері патриоттық рухтағы өлеңдермен толыға түсті.

     Бүгінде қатардағы Ысқақ үшін әскери қызмет – тек борыш өтеу ғана емес, сонымен қатар шығармашылық тұрғыдан кемелденудің мектебі. Ол әрбір ұланның ерлігі мен елге деген адалдығын жырына қосып, жас ұрпаққа үлгі боларлық рухани мұра қалыптастыруды мақсат етеді.

     Ұлттық ұлан – тәртіп пен ерліктің ғана емес, талант пен шығармашылықтың да ордасы. Бұл ортада әр сарбаз Отан қорғаумен қатар, өз бойындағы жаңа қырларын ашып, тұлғалық тұрғыдан қалыптасады. Қатардағы Ерік Ысқақ – соның жарқын дәлелі. Оның жыр жолдары елге деген сүйіспеншіліктің, әскери антқа адалдықтың және жас жүректің асқақ армандарының көрінісі.