
Әйелдердің құқықтарын қорғау, балалардың қауіпсіздігі мен отбасылық құндылықтарды сақтау Мемлекет басшысы мен ішкі істер министрлігі басшылығының ерекше бақылауында.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы, оның ішінде алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында 15-22 ақпан аралығында ел аумағында "Тұрмыс" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері:
– тұрмыста құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексереді;
– қолайсыз отбасылармен алдын алу жұмыстарын жүргізеді;
– құқықтық ықпал ету шараларын қабылдайды;
– құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтайды;
– зардап шеккендерді қорғауды және қолдауды қамтамасыз етеді.
Үкіметтік емес ұйымдармен және дағдарыс орталықтарымен бірлесіп тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына құқықтық және консультациялық көмек көрсетеді.
– Құрметті азаматтар! Біз сіздерді зорлық-зомбылық фактілеріне бей-жай қарамауға шақырамыз. Егер сіз көршілеріңіздің арасында, таныстарыңыз бен туыс арасында немесе көшеде кездейсоқ заңсыз әрекеттерге куә болсаңыз бей-жай қалдырмаңыз. Кейде бір ғана уақытылы қоңырау шалу немесе қарапайым ғана әрекет ету біреудің өмірін сақтап, бір баланы үрейден қорғай алады. Біз зорлық-зомбылыққа төзбеушілік таныту арқылы ғана қауіпсіз және әділ қоғам құра аламыз, – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Ақмарал Серікбаева.