
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қ.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті базасында "Три дозы до смерти" деректі фильмінің жабық көрсетілімі өтті.
Аталған туынды қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – есірткіге тәуелділік пен оның қайғылы салдарын арқау етеді. Фильм авторы — Саби Байбусинов. Туынды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қолдауымен түсірілді.
Көрсетілімге ҚР ІІМ жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшесі, журналист Дана Нұржігіт қатысып, жастармен пікір алмасты.
Фильмнен кейін сөз алған ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Гүлмира Жылқыбаева студенттерге есірткі қылмысының құқықтық салдары туралы жан-жақты түсіндірді. Ол жастардың заңсыз айналымға тартылуының алдын алу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
Кездесу барысында спикер есірткіні тұтыну немесе тарату белгілерін дер кезінде анықтаудың маңызын айтты. Студенттерге ата-аналар мен өздерінің назарында ұстау қажет негізгі жайттар түсіндірілді. Әсіресе "жеңіл ақша" табу желеуімен есірткіні жасырын таратуға шақыратын әрекеттердің заң алдында ауыр жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі "бір рет байқап көруге" шақыратын мазмұндарға ермеуге, саналы таңдау жасауға шақырды.
Іс-шара барысында есірткіні тұтыну немесе тарату фактілері туралы хабарлауға болатын сенім телефонының жұмыс тәртібі жөнінде ақпарат та берілді.
Мұндай форматтағы кездесулер – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстардың маңызды бөлігі.