
Абай облысы полиция департаментінің бастамасымен және облыстық білім басқармасымен бірлесіп "Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі" атты облыстық форум өтті. Ауқымды шараға шамамен мың адам қатысып, құқықтық тәрбие мен қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Форумның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жүйелеу, білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін жетілдіру.
Қазіргі қоғамда баланың құқықтық сауаттылығы мен қауіпсіздігі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты форум өңірдегі мүдделі құрылымдардың күш-жігерін біріктірген маңызды диалог алаңына айналды. Іс-шараға офлайн форматта 300 адам қатысса, 700-ге жуық адам бейнебайланыс арқылы қосылды.
Форум жұмысына полиция департаментінің, білім басқармасының, денсаулық сақтау басқармасының, прокуратураның, бала құқықтары жөніндегі уәкілдің, мектеп әкімшіліктерінің, педагог-психологтердің, колледж директорларының, мәслихат депутаттарының, күзет агенттіктері басшыларының және ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты. Бұл балалар қауіпсіздігі мәселесінің ведомствоаралық деңгейде қарастырылып, кешенді тәсілмен шешіліп жатқанын көрсетеді.
Форум барысында жасөспірімдер қылмысының алдын алу, мектепішілік бақылауды күшейту, интернет кеңістігіндегі қауіптердің алдын алу, буллинг пен кибербуллингке қарсы іс-қимыл, сондай-ақ отбасылық тәрбие институтын нығайту бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
Қатысушылар тәжірибе алмасып, тиімді тәжірибелерді енгізу жолдарын талқылады. Жиын барысында Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті:
– Бала – ел болашағы. Олардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – біздің басты басымдығымыз. Құқық бұзушылықтың алдын алу тек жазалау шараларымен шектелмеуі тиіс. Ең алдымен түсіндіру, алдын алу және сенімді серіктестік қағидаттарына сүйенуіміз қажет. Мектеп, ата-ана және полиция арасындағы тығыз байланыс – қауіпсіз балалық шақтың сенімді кепілі. Біз әрбір білім беру ұйымымен жүйелі жұмысты жалғастырып, жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениет пен заңға құрмет қалыптастырамыз, – деді ол.
Форум қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдары арасында өзара іс-қимылды жетілдіру, ақпарат алмасуды жандандыру және профилактикалық іс-шараларды тұрақты негізде өткізу жөнінде ортақ ұстаным қалыптасты.
Аталған құрылымдардың кешенді әрі үйлесімді жұмысы ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде балалар үшін қауіпсіз, жайлы және құқықтық тұрғыдан қорғалған білім беру ортасын қалыптастыруға берік негіз қалайды.