Көлік полицейлері "Anti-fraud" ЖПІШ аясында киберқылмыстың алдын алу бойынша іс-шара өткізді

Көлік полицейлері "Anti-fraud" ЖПІШ аясында киберқылмыстың алдын алу бойынша іс-шара өткізді

     Республикалық "Anti-fraud" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында көліктегі полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері Астана станциясындағы желілік полиция басқармасымен бірлесіп "Нұрлы жол" теміржол вокзалында акция өткізді.

     Аталған іс-шара "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ қызметкерлері мен теміржол көлігінің жолаушылары арасында ұйымдастырылды.

     Іс-шараның басты мақсаты – ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын киберқылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыру және оларды заңсыз әрекеттерге тарту тәуекелдерін төмендету.

     Кездесу барысында көліктегі полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдерін түсіндірді. Атап айтқанда онлайн-сатып алу кезіндегі алдау, жалған инвестициялық ұсыныстар, өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып қоңырау шалу, зиянды сілтемелер мен бағдарламаларды тарату сияқты әрекеттер туралы айтылды. Азаматтарға жеке деректер мен банк ақпараттарының қауіпсіздігіне мұқият қарау қажеттігі ескертілді.

     Сонымен қатар дропперлік мәселесіне ерекше назар аударылды. Көліктегі полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Руслан Құрманов үшінші тұлғаларға қылмыс жасау мақсатында банк шоттарын және төлем құралдарын беру немесе рәсімдеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын атап өтті. Ол азаматтарды оңай табыс туралы ұсыныстарға сенбеуге және қырағылық танытуға шақырды.

     Акция қатысушыларына интернетте қауіпсіз әрекет ету бойынша практикалық ұсынымдар мен алаяқтық әрекеттері орын алған жағдайда қолданылатын алгоритм көрсетілген жадынамалар таратылды.

     Көліктегі ПД мұндай профилактикалық кездесулер тұрақты түрде өткізілетіні және олардың мақсаты – халықтың киберсауаттылық деңгейін арттыру, сондай-ақ ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстар санын азайту екені атап өтілді.

     Тәртіп сақшылары азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің қарапайым, бірақ маңызды ережелерін еске салды.

- Егер сізге банк қызметкеріміз деп қоңырау шалып, күмәнді операциялар туралы хабарласа, үрейге бой алдырмаңыз. SMS арқылы келген кодтарды айтпаңыз және ақша аудармаңыз. Әңгімелесуді тоқтатып, банктің ресми нөміріне өзіңіз қайта хабарласыңыз. Бейтаныс адамдардың өтініші бойынша телефонға немесе компьютерге қашықтан қол жеткізуге арналған бағдарламаларды (мысалы, AnyDesk, RustDesk немесе TeamViewer) орнатпаңыз – алаяқтар оларды жеке деректер мен қаражатты ұрлау үшін пайдалануы мүмкін. Тауар сатып алу, тұрғын үй жалға алу немесе автокөлік алу кезінде сатушыны міндетті түрде тексеріңіз: мүмкіндігінше онымен бейнебайланыс арқылы сөйлесіңіз немесе жеке кездесуді ұйымдастырыңыз. Осы қарапайым қағидаларды сақтау сіздің қаражатыңыз бен жеке деректеріңізді кибералаяқтардан қорғауға көмектеседі, - деп атап өтті Руслан Құрманов.