
Елордада полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған балаларға қатысты әрбір хабарламаға жедел әрі жауапкершілікпен әрекет етеді. Соңғы уақытта ата-ананың қарауынсыз қалып, жоғалып кететін балалардың деректері жиі тіркелуде.
Жыл басынан бері Астана қаласында 180-ге жуық бала жоғалып, полиция қызметкерлері мен еріктілердің бірлескен іздестіру жұмыстарының нәтижесінде барлығы аман-есен табылып, заңды өкілдеріне қайтарылды. Бұл деректер ата-аналар мен қоғам үшін балалар қауіпсіздігіне ерекше мән берудің маңыздылығын айқын көрсетеді.
Мәселен, Нәжімеденов көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінен 12 жастағы қыз бала үйінен шығып кеткен. Белгілі болғандай, оған мектептегі үлгерімі мен үйдегі міндеттерін орындамауына байланысты ескерту жасалғаннан кейін, ренжіп, үйден кетіп қалған. Полиция қызметкерлері мен волонтерлердің жедел жүргізген іздестіру шараларының арқасында жеткіншек көп ұзамай аман-есен табылып, ата-анасымен қауышты.
Тағы бір оқиға қаланың орталық саябағында болды. Төрт жасар бала ойын алаңында ойнап жүріп, ата-анасынан көз жазып қалған. Қорқып, жылаған баланы патрульдік полиция қызметкерлері дер кезінде байқап, оны тыныштандырып, ата-анасына аман-есен табыстады.
Баласының табылғанына қуанышын білдірген ата-аналар полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекетіне алғыс айтты.
Аталған екі жағдайда да тәртіп сақшылары ата-аналармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертті.
Астана қаласының полиция департаменті ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, көпшілік демалыс орындарында балаларды үнемі қадағалауға шақырады. Балаларды қауіпсіздік ережелеріне үйрету, олардың көңіл күйіне назар аудару, ренжіген жағдайда ашық сөйлесуге мүмкіндік беру және үйден шыққанда қайда баратынын білу – әрбір ата-ананың басты міндеті.