
Астанада заңсыз есірткі заттары мен психотроптық заттарды өндіруде қолданылатын химиялық прекурсорлардың айналымын бақылау бойынша аймақтық жұмыс тобының отырысы өтті. Оған 15 елдің өкілдері қатысты.
Отырыс БҰҰ-ның есірткі және қылмыспен күрес басқармасы қолдауымен ұйымдастырылды. Жиын аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және прекурсорлар мен есірткі заттарының заңсыз айналымына, соның ішінде цифрлық ортада қарсы әрекет шараларын әзірлеуге арналды.
Қатысушылар трансұлттық есірткі трафигінің арналарына тосқауыл қою, маңызды ақпаратпен алмасуды жетілдіру, сондай-ақ криптовалюталарды, анонимдік цифрлық құралдарды және интернет-платформаларды қылмыстық мақсатта қолдануға қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Жиын аясында прекурсорлардың айналымын бақылау бойынша ұлттық тәжірибелер таныстырылып, болашақтағы өзара әрекеттесудің басты бағыттары белгіленді. Сонымен қатар цифрлық криминалистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және мемлекеттер арасындағы үйлестіруді күшейтуге ерекше назар аударылды.
Қазақстан ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов есірткіге қарсы күрес, әсіресе оның трансұлттық формалары, мемлекеттердің келісілген және бірлескен әрекетін қажет ететінін атап өтті.
– Заманауи есірткі қаупіне, соның ішінде цифрлық ортадағы қатерлерге тиімді қарсы тұру тек үйлестірілген жұмыс, оперативтік ақпаратпен алмасуды кеңейту және практикалық ынтымақтастықты дамыту арқылы мүмкін болады, – деді ол.
Қатысушылар бұл кездесудің аймақтық өзара әрекеттесуді және өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жұмысты одан әрі ілгерілетуге қосымша серпін беретіндігіне сенім білдірді.