Ауа райы күрт өзгерді: Қарағанды облысында полиция жол қауіпсіздігін күшейтілген тәртіппен қамтамасыз етуде

Ауа райы күрт өзгерді: Қарағанды облысында полиция жол қауіпсіздігін күшейтілген тәртіппен қамтамасыз етуде

     Қарағанды облысында қолайсыз ауа райына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда полиция көліктерге жол бастап жүруде.

     Шара жыл мезгіліне тән емес метеорологиялық құбылыстардың туындауына орай қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.

     Оңтүстік бағытта, Қарағанды – Балқаш автожолының учаскесінде патрульдік полиция қызметкерлері шамамен 700 жеңіл және 400 жүк көлігінен тұратын ірі автоколоннаның қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етті. Сонымен қатар облыс орталығына қарай қарсы бағытта 300-ден астам жеңіл және 250-ге жуық жүк көлігін қамтыған тағы бір автоколонна полицияның бақылауымен қозғалып келеді.

     Ауа райының жалпы жылы болуына қарамастан, далалық аймақтарда, әсіресе елді мекендер арасындағы ашық учаскелерде көктайғақ сақталып, қатты бүйірлік жел соғып тұр. Бұл факторлар жол-көлік оқиғаларының қаупін айтарлықтай арттырады.

     Осыған байланысты Қарағанды облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов тұрғындар мен өңір қонақтарына үндеу жасады.

— Қауіпсіздік мақсатында тұрғындар мен қонақтарды аса қажеттілік болмаса, елді мекендерден тыс жерлерге жолға шықпауға шақырамыз, — деді ол.

     Қазіргі таңда көліктерді полицияның сүйемелдеу режимі негізгі автомагистральдардағы ауа райы жағдайы тұрақталғанға дейін жалғасады.