
Алматы қаласында электросамокаттарды пайдалануды реттеу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті.
Іс-шараға полиция департаментінің, прокуратураның, қала әкімдігінің басшылығы, сондай-ақ кикшеринг қызметін көрсететін компаниялардың өкілдері қатысты.
Кеңес барысында электросамокаттарды ресми түрде көлік құралы ретінде тануға бағытталған заңнамалық өзгерістер жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа нормалар жалға берілетін электросамокаттарды пайдалану үшін бірыңғай әрі міндетті талаптарды енгізуді көздейді. Сонымен бірге бизнес субъектілері үшін өтпелі кезең қарастырылған.
Жиында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, пайдаланушылардың тәртібін бақылау, цифрлық қадағалау тетіктерін енгізу және кикшеринг операторларының жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Баламалы көлік түрлерінің кеңінен қолданылуы жол-көлік оқиғалары мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың көбеюімен қатар жүретіні де атап өтілді.
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдиновтың айтуынша, негізгі мақсат - қалалық мобильділікті шектеу емес, оны қауіпсіз әрі тиімді басқару.
– Электросамокаттар бүгінде жол қозғалысының толыққанды қатысушысына айналды. Сондықтан оларға қойылатын талаптар да өзге көлік құралдарына белгіленген ережелер секілді нақты әрі міндетті болуы тиіс, - деді ол.
Полиция деректеріне сәйкес, 2025 жылы Алматы қаласында электросамокаттардың қатысуымен 386 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 400-ден астам адам зардап шеккен. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін самокат пайдаланушыларына қатысты 24 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылып, 10 мыңнан аса электросамокат арнайы тұрақтарға қойылған.
Кеңес аясында кикшеринг операторларына қойылатын талаптар да қаралды. Атап айтқанда міндетті сақтандыруды енгізу, электросамокаттарды нөмірлік белгілермен жабдықтау, геозоналау жүйесін қолдану және Ішкі істер министрлігінің дерекқорларымен интеграциялау мәселелері талқыланды.
– Мопедтерді реттеу тәжірибесі жүйелі әрі қатаң шаралардың тиімді екенін көрсетті. Мұндай тәсіл жол-көлік оқиғаларын азайтып, тәртіпті күшейтеді. Дәл осы әдіс электросамокаттарға да қолданылады. Бұл - азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам, - деп атап өтті Айдын Қабдулдинов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастыруға, профилактикалық жұмыстарды күшейтуге және жаңа талаптарға бизнес пен пайдаланушылардың кезең-кезеңімен бейімделуін қамтамасыз етуге уағдаласты.