
Жамбыл облысы полиция департаменті кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Нашақорлықтың алдын алу, жол қауіпсіздігі, буллинг пен зорлық-зомбылықтың жолын кесуге бағытталған іс-шараларға полиция қызметкерлерімен қатар педагогтер, психологтар және ата-аналар белсенді түрде тартылуда.
Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — полиция қызметінің басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Атап айтқанда нашақорлықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдерімен бірлесіп 5 зияткерлік ойын мен байқау өткізіп, 1 325 дәріс пен түсіндіру әңгімесін, 18 дөңгелек үстел мен 34 ата-аналар жиналысын ұйымдастырды. Бұл шаралар балалар мен жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ олардың жеке қауіпсіздігіне саналы көзқарас қалыптастыруға бағытталған.
Түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуде. Полиция қызметкерлері мектеп оқушылары мен студенттермен кездесулер өткізіп, тыйым салынған заттардың зияны, олардың адам денсаулығына тигізетін кері әсері және есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысқаны үшін көзделген заңнамалық жауапкершілік туралы жан-жақты ақпарат береді. Сонымен қатар интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жасөспірімдерді құқыққа қайшы әрекеттерге тартудың алдын алу мәселесі де басты назарда.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету де профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқушыларға жол қозғалысы ережелерін үнемі еске салып, білім беру ұйымдарының маңында профилактикалық рейдтер жүргізеді. Сондай-ақ жүргізушілердің кәмелетке толмағандарды тасымалдау талаптарын сақтауына және жаяу жүргіншілер өткелдерінен қауіпсіз өту қағидаларының орындалуына бақылау жасалады.
Буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері педагогтер мен психологтармен бірлесіп тренингтер мен тақырыптық кездесулер ұйымдастырып, жасөспірімдер арасында қауіпсіз қарым-қатынас мәдениетін, өзара құрмет пен жеке жауапкершілік дағдыларын қалыптастыруға басымдық беруде.
Жамбыл облысы полиция департаменті балалардың қауіпсіздігі — ата-аналардың, педагогтердің, құқық қорғау органдарының және тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтеді. Тек бірлесе әрекет ету арқылы ғана өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға болады.